Сұрақ - жауап

Сіз енгізген барлық деректер құпия болып табылады және таратуға немесе үшінші тұлғаларға беруге жатпайды.
30.04.2014
Вопрос
Сәлеметсіз бе! Менің қояйын деген сұрағым, егер мемлекеттік емес мекемеде, кәсіпорында мемлекеттік оқу курсы ұйымдастырылған, бірақ ол тек қағаз жүзінде болып отыр. Сабаққа тыңдаушылар мүлдем келмейді. Кәсіпорын басшыларынан тыңдаушылардың сабаққа қатысуын қамтамасыз етуін сұрап өтініш жасасам, олардың берген жауабы: мемлекеттік тілді оқу ешқандай заңда, бағдарламаларда міндетті деп көрсетілмеген. Әр адам өз қалауы болса ғана оқиды деп жауап қайтарады. Сонда кәсіпорында несін оқытушы ұстап отырғандарын түсінбеймін. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс. Менің кәсіпорын қызметкерлерін мәжбүрлегенім дұрыс па, әлде басшылардың заңмен көрсетілмеген деп сылтау айтып қызметкерлерге босаңсу көрсеткені дұрыс па? Сосын мемлекеттік емес кәсіпорындар қашан мемлекеттік тілде іс қағаздар жүргізуге өту керек. "Жалғыздың үні шықпаспен" мемлекеттік тілді міндетті түрде оқу керек деп талап қоюдан әбден шаршадым. Егер міндетті емес деп, жағалары жайлауда әлі де жүре берсе, онда біздің мемлекеттік тіл өз мәртебесіне, өз тұғырына қашан мінеді?
Ответ

Құрметті Гүлнара!

Сіздің көтеріп отырған мәселеңіз орынды. Тіл комитеті өз құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдарда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі -Заң) орындалуына тұрақты түрде тексеру жүргізеді.

Заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы», — деп анық көрсетілген.

Заңның 24- бабында: «Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi мемлекеттiк органдардың бірінші басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдары, кез келген меншiк нысанындағы ұйымдардың бiрiншi басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады»,- делінген.

Сондықтан, Заңның аталған баптарын негізге ала отырып, кәсіпорын басшысы оқу курсының нәтижелі болуы үшін барлық жағдай жасауына міндетті.
Оқу курсын ұйымдастыру, оны сапалы жүзеге асыруды реттеу туралы мекеме басшысының қолымен бекітілген арнайы бұйрық болуы және ол нормативтік құжат ретінде өз дәрежесінде орындалуы тиіс.

Сонымен қатар, Сіз дәріс беретін кәсіпорындағы тыңдаушылардың сабаққа қызығушылығын арттыру мақсатында өз тәжірибеңізбен бөлісіп, біліктілігіңізді ұдайы арттырып отыру қажет.

Осы орайда, Тіл комитеті тарапынан оқытушылардың тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылатын түрлі шараларына қатысуға шақырамыз (Байланыс нөмірлері: 74-05-09,74-04-56).

05.04.2014
Вопрос
Құрметті министр мырза! Ауылдық мәдениет үйлері қазіргі кезде мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып жатқан кезде, көркемдік жетекші деген штаттың аталуы музықалық жетекші болып өзгеріп,енді көркемдік жетекшілер муз.жетекші болып өзгергені рас па? Ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі G-4 пен айлық алуына бола ма?Біздерге қазіргі таңда G-10мен төленіп келді.Заң өзгерген жаңадан қаулы шықты деп басшылар болмай отыр, бұл қалай болғаны?
Ответ

Құрметті Гүлзира!

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 маусымдағы «Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың, ауылдық деңгейлердегі мемлекеттік мәдениет ұйымдарының үлгілік штаттарын бекіту туралы» № 597 қаулысына сәйкес ауылдық деңгейдегі ауылдық мәдениет үйі (клубта) көркемдік жетекші карастырылмаған, карастырылғаны музыкалық жетекші (мәдени ұйымдастырушы).
Сонымен катар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» № 1400 қаулысына сәйкес музыкалық жетекші (мәдени ұйымдастырушысына) еңбек ақы төлеу лауазым санаты G-10 болып табылады.       

06.11.2013
Вопрос
сұрақ Құрметті министр мырза! Он мың тұрғыны бар шағын қаланың Мәдениет үйіне көркемдік жетекші керек пе, аталмыш маманға G-4 пен айлық тағайындауға бола ма? Өйткені бар өмірін білім мен ғылымға арнаған профессордың өзі G-5 жалақы алады екен. Шығармашылық ұжым саны қанша адамнан асқанда, көркемдік жетекші штатын ашуға болады және аталмыш жалақымен?
Ответ

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 маусымдағы № 597 қаулысымен облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың, ауылдық деңгейлердегі мемлекеттік мәдениет ұйымдарының үлгілік штаттары бекітілген, аталған үлгілік штатқа сәйкес қалалық Мәдениет үйлерінде бір көркемдік жетекші штаты қарастырылған.

Сонымен бірге, Сіздің хатынызды көтерген лауазым Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы N 1400 қаулысымен бекітілген азаматтық қызметшілер, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлері, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлері еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес, G-4 санатына жатады.

24.12.2012
Вопрос
Мен, Нұртаев Алмас, сізге қояр сұрағым бар. Менің жасым 18-де. Өзім Алматы қаласындағы "Тұран" колледжінде "Құқықтану" мамандығы бойынша 2 курста оқимын. Мен кішкентай кезімнен бимен шұғылдандым. Би студияларына барып жүріп американың "NEW STYLE" деп аталатын биін меңгердім. Осы би біздің Қазақстанда жақсы дамымаған. Оған ешкім көңіл де бөлмейді. Оны көше биі деп қабылдайды. Негізі бұл бидің қимыл қозғалысы спортпен шұғылдануды қажет етеді, яғни бұл биді билеген жастар шылым шегуден, ішімдік ішуден аулақ болады. Бұл би салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын мәдениеттің бір бөлшегі деп түсінуге де болады. Бұл бидің түрі біздің Қазақстанда артта қалып келеді, тіпті жоқтың қасы деуге де болады. Мен бұл биді ағайынды LES TWINS -термен теңдей билеймін. Бірақ, олардың ешбір би қимылдарын қайталап көрген емеспін. Бірақ үлкен сахналарға шыға алмай жүрмін. Сахналарға шығу үшін қандай көкелерге баруым керек? Соны білмей, көп ойланамын. Кімнің есігін қағуым керек? Ең болмаса бір рет шықсам, осындай бидің түрін қазақтың да баласы билей алатынын елге паш етсем деймін. Сонымен қатар, осы биді үйренем деушілер болса, оларды да үйреткім келеді. Өзіммен бірге жүрген біраз достарыма үйретіп жүрмін. Бірақ, сахнаға үлкен көрерменнің алдына шыға алмасақ, ол еңбегіміз еш бола ма деймін. Тіпті демеушілер табылса, жақын жердегі көршілес мемлекеттерге де шығып, біз қазақтың баласы, осындай бидің қыр-сырын қаншалықты меңгергенімізді бір көрсетсек дейміз. Осы хатымды оқып, менің тілегімді аяқ асты етпессіздер деп ойлаймын. Ең болмаса, Алматы қаласында өтетін бір концерттік бағдарламаның ішіне мені сахнаға бір рет шығуға жәрдем берсеңіздер, мүмкін бұған қызығушылар табылатын шығар деген ойдамын. Әйтпесе, менің бар екенімді кім қалай біледі? Осыған көмектессеңіздер деп өтінемін. Ағалар, егер менің хатым Сіздерге ой салса, менімен дереу хабарласуларыңызды сұраймын. Менің телефоным: 87786695652. Сіздерден жауап күтемін.
Ответ

Алмас, таудай талабыңызға нұр жаусын! 

Алматы қаласындағы концерттердің біріне қатысқыңыз келсе, қалалық Мәдениет басқармасымен немесе өткізілер шаралардың ұйымдастырушылармен тікелей хабарласуыңыз қажет. Олар өнеріңізді қолдаған жағдайда, Сіз үлкен сахнаға шығуға мүмкіндік алатын боласыз. Алайда, үлкен сахнаға шығу тәжірибе мен кәсіби білімділікті қажет ететіндігін ескертеміз.

14.12.2012
Вопрос
Тема: Здравствуйте! Подскажите, пожалуйста, почему в казастанских кинотеатрах снят с проката кинофильм "Экипаж" режиссера Роберта Земекиса?
Ответ

Уважаемый Алексей! На сегодняшний день прокат всех фильмов на территории Республики Казахстан производится частными кинопрокатными компаниями на договорной основе. В этой связи, Министерство не располагает информацией о причинах прекращении проката фильма «Экипаж».

07.06.2012
Вопрос
Құрметті министр мырза! Мен қазіргі уақытта журнал басып шығаруға қабілетті баспахананың директоры болып қызмет атқарамын. Магистратура және докторантурада оқитын азаматтар арасында, ғылыми мақалаларын ақылы түрде бастыратын сапалы және мазмұнды БАҚ-на зәрулік байқалады. Осыған орай сұрағым: мен өз атымнан жекеменшік түрде осындай БАҚ Сіздерде тіркетіп және одан соң сол ғылыми журналды ай сайын шығарып тұруыма бола ма? Оның таралымы қанша дана болуы керек? Ол үшін не істеуім керек? Осы сұрағыма жан-жақты жауап берулеріңізді өтінемін. Қалдархан Әлісейітұлы Қамбар, 8-727-233-25-51, 8-702-116-3012 (алдыңғы хатта қателесіп басқа аты-жөн жазылып кетіпті)
Ответ

Құрметті Қалдархан Әлсейітұлы!

Мерзімді басылымды есепке қою үшін жеке меншік иесі Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 11 бабына сәйкес уәкілетті органға өтініш беру қажет. Аталмыш өтінішке: - жеке тұлғалар үшiн - кәсiпкерлiк қызметпен айналысу құқығын растайтын құжаттың нотариалды түрде куәландырылған көшірмесі; - заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің, құрылтай құжаттарының нотариалды түрде куәландырылған көшірмелері; - бюджетке алым төленгенін растайтын құжат қоса тіркеледі. Өтініш пен қоса берілетін құжаттар уәкілетті органға келіп түскеннен күннен бастап он бес күн аралығында қаралуға тиіс. Ал баспасөз басылымының жарыққа шығу жиілігі өтініште көрсетілуі бойынша анықталады. Сондай-ақ, жоғарыда аталған Заңның 12 бабына сәйкес, басылымның таралымы жүз данадан кем болмауы тиіс.

08.11.2011
Вопрос
Сәлеметсіздер ме! Менің білейін дегенім - сіздер казақша-орысша тілашарларды тегін тарату жөнінде ақпарат тараттыңыздар. Сол тілашарларды калай және қашан алуға болады? Ол толықтай тегін бе? 10 тақырып бойынша деп аталып айтылған болатын - солардың әр-қайсысынан бір-бірден алсам бола ма? Мен жұмыстағы орыс тілінде сөйлейтін азаматтарға қазақ тілін үйрету мақсатында қолданайын деп едим. Алдын-ала рахмет!
Ответ

Құрметті Зарина Әділбекқызы!

Сіздің орыс тілді азаматтарға қазақ тілін үйретемін деген игі бастамаңызға алғысымызды білдіре отырып, осы мақсаттағы істеріңіздің оңға басуына тілектеспіз.

ҚР Мәдениет министрлігі «Қазақстан Республикасында Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» іс-шаралар жоспары шеңберінде орысша-қазақша көпсалалық тілашарлар шығарды.

Мемлекеттік тілді өз бетінше үйрену оқу-әдістемелік құралы ретінде әзірленген тілашарлар қоғамдық өмірдің 10 саласын қамтиды («Дастархан», «Денсаулық», «Саяхат», «Кәсіп», «Сауда», «Спорт», «Тұрмыстық қызмет», «Шаңырақ», «Мәдениет», «Білім»). Бұл тілашарларда күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылатын ауызекі сөйлеу үлгілері, қажетті сөздер мен сөз тіркестері берілген.

Тілашарларды тұрғылықты мекенжайыңызға орай қалалық және облыстық тілдерді дамыту басқармаларына хабарласып, алуыңызға болады.

28.10.2011
Вопрос
Құрметті Министр мырза, Менің атым Бекенова Құралай, мұнай компаниясында үші тілді аудармашы болып жұмыс істеймін. Тіліміздің қолдану аясын кеңейту, оның беделін көтеру мақсатында орындалуы тиіс шаралардың бірі – шет ел тілінен (ағылшын, неміс, француз, қытай т.б) тікелей қазақшаға аударатын аудармашыларды қолдап, олардың кәсіби біліктілігін жетілдіруге ықпал ету деп ойлаймын. Осыған орай, қандай да бір жиналыстар немесе конференциялар өткізгенде ағылшыннан қазақшаға ілеспе аударма жасау қызметімді ұсынамын. Егер қызығушылық туып жатса, түйіндемемді және тиісті ақпаратты жіберуге әзірмін Рахмет, Құралай
Ответ

Құрметті Құралай!

Сіздің Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің веб-сайтына жазған сауалыңыз бойынша төмендегіні хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен 2011 жылғы 17 ақпандағы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы Ғ.Р.Әбдірахымовпен өткен кеңестің № 01-6/05/44 хаттамасының 3-тармағына сәйкес бекітілген кесте негізінде үстіміздегі жылғы мамыр-маусым айларында салалық терминологиялық жұмыс топтарының мәжілістері өткізілді. 30-ға жуық мемлекеттік органдарда салалық терминологиялық секциялар (комиссиялар, жұмыс топтары) құрылып, олар 3 салалық терминологиялық жұмыс тобына біріктірілді.

Аталған мәжілістерде әр сала бойынша терминдерді Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссиясының отырыстарына ұсыну келісілген.

Қазақ тілінің онлайн сөздігі мәселесіне байланысты нақты сөздіктердің электронды нұсқасы Тіл комитетінің арнайы http:/til.gov.kz/wwps/portal – Веб-порталында орналастырылғандығын мәлімдейміз. Оның құрамында «ҚР электрондық терминологиялық орталығы» қалыптастырылып, жұмыс атқарады. Бұл жүйеге кез келген адам еркін кіріп, өзіне керек терминдердің мағыналық аудармасын біле алады. Бүгінгі таңда аталған веб-порталда түрлі салалардағы жүз мыңнан астам термин жинақталған. Портал үнемі толықтырылып отырады. Сонымен қатар кез келген пайдаланушының Ғаламторды қолдана отырып, өз ұсыныстарын порталға жіберіп, осы жұмысқа белсенді араласуына мүмкіндігі бар.

Онлайн сөздік туралы және техникалық терминдерді бір жүйеге келтіру механизмі бойынша қосымша мәліметті 8(7172)74-05-03, 74-05-02 телефондарына хабарласу арқылы біле аласыз.

28.10.2011
Вопрос
Сәлеметсідер ме? Кедендік талапқа сай біз үш тілде "Зона таможеннего контроля" деген сөз жазылған ақпараттық тақта дайындауымыз қажет болды. Біз осы сөзді "Кедендік бақылау аумағы" деп жазған едік. Алайда Кеден қызметкерлері оны "Кеден бақылау аймағы" деп жазуға мәжбүр етті. Ортақ Ережеде солай деп бекітіліпті. Кімдікі дұрыс? Тіл тазалғын кімдер қадағалайды? Регион, территория, зона сөздерінің қазақша аудармасы қалай?
Ответ

Құрметті Ахмет!

Сіздің Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінің веб-сайтына жазған сауалыңыз бойынша төмендегіні хабарлаймыз.

«Зона таможенного контроля» атты ақпараттық тақта «Кедендік бақылау аймағы» деп аударылады. Себебі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы отырыстарында кедендік саланың көптеген терминдері, соның ішінде: регион – «өңір», территория – «аумақ», зона – «аймақ» деп бекітілген.

11.08.2011
Вопрос
Cәлеметсіздер ме! Менің сіздерге қояр сұрағым, бүгін интернетнеттен Орысша-қазақша сөздіктерді тегін тарату туралы хабарды оқыдым. бұл сөздікті қалай және қайдан алуға болады? Мен Алматы қаласында жеке компанияда жұмыс істеймін,компанияда 45 қызметкеріміз бар.Сөздікті барлық қызметкерлерімізге алып бергіміз келіп отыр. Ол үшін аранйы тапсырыс жасауымыз керек әлде қалай? Алдын ала алғысымды білдіремін!
Ответ

Құрметті Әлия Аманқұлқызы!

Қазіргі таңда мемлекеттік тілді үйренушілерге арналған 10 сала бойынша «Тілашар» әзірленіп шығарылды. Аталған сөздіктің тұсаукесер рәсімі өткеннен кейін еліміздің барлық облыстарына тегін таратылатын болады. «Тілашар» сөздіктерді аймақтарда тарату облыстық, қалалық тілдерді дамыту басқармасы арқылы жүргізіледі. Сондықтан сөздікті барлық қызметкерлерге алып беру үшін Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасына өтініш беруіңізге болады (Алматы қаласы, Республика алаңы, 4. Тел: 271-65-90, 271-66-90).