Министрліктің жаңалықтары

31.03.2017

Мәдениет министрлігі ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі аясындағы министрліктің мәдени және спорттық шараларын нақтылады

31 наурыз, 2017. Астана.  25 отандық БАҚ өкілдерінің қатысуымен екі сағаттан астам уақытқа созылған баспасөз конференциясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме шеңберінде министрлік өткізетін мәдени және спорттық шаралар туралы баяндады.   

Ведомства басшысы атап өткендей, Мәдениет және спорт министрлігі ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің мәдени-көріністік және спорттық іс-шараларын қамтитын Кешенді бағдарламасының ресми сайтын үстіміздегі жылдың ақпан айында таныстырған болатын.

Министрлік Қазақстанның өнер және спорт шеберлері мен талантты жастарының қатысуымен 700-ге жуық мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр.

«ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы Қазақстанның басты байлығы - бірегей мәдениет пен көпұлтты халқымыздың дәстүрін жан-жақты, кеңінен насихаттауға бағытталған. Елбасы жариялаған біздің – «Мәңгілік Ел» ұлттық идеямыз, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен елордамыз Астананың гүлденуі, мәдени іс-шаралар арқылы 93 күн бойы ЭКСПО-2017 көрмесінің, сонымен қатар Астана қаласының барлық сахна алаңдарында көрсетілетін болады» - деп атап өтті министр.

Қазақ халқының ұлттық дәстүрін кеңінен паш ететін орталық, «Қазанат» ипподромының аумағындағы 2,5 мың ш.м. жерде орналасатын «Этноауыл» Этномәдени кешені болмақ.  Этноауыл  «Қолөнершілер», «Ұлттық дәм орталығы», «Дәстүрлі аң аулау өнері», «Ұлттық ойын және ойын-сауық» сияқты бірнеше секторлардан құралатын болады. ЭКСПО көрмесінің күндерінде Этноауылда күнделікті Концерттік алаңда Қазақстан өнер шеберлері мен жұлдыздарының қатысуымен әртүрлі жанрдағы концерттік бағдармалар ұсынылады. Сондай-ақ, осы секторда Өзбекстан, Мажарстан, Ресей, Норвегия, Монғолия, Қырғызстан, Түркия елдерінің әртістерінің қатысуымен «TheSpiritofTengri» жобасының авторларымен бірлесе отырып, «Nomadsway» шарасы көрсетіледі. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында 50-ден астам іс-шара өткізіледі. Олардың ішінде дүниежүзіне әйгілі шығармашылық ұжымдар өнер көрсететін опера және балет спектакльдері, халықаралық конкурстар бар. Қазақстандық вокалдық мектеп жетістіктерінің арқасында Астана қаласында әлемнің ең таңдаулы вокалдық конкурстарының бірі әлемдік операда аты аңызға айналған Пласидо Доминго негізін салған және оның басты көркемдік жетекшісі болып табылатын «Опералия» опера әншілерінің халықаралық байқауын өткізу мүмкін болып отыр. Іс-шара шығындарын «Rolex» швейцариялық компаниясы қамтамасыз етеді.  

Қыркүйек айының басында ЛаСкала театры  қазақстандық көрермендердің назарына Ұлы композиторлардың мәңгілік туындылары - Джузеппе Вердидің  «Фальстаф» операсын және Л.Бетховеннің №9 симфониясын  ұсынатын болады. Дирижер ретінде қазіргі заманымыздың әйгілі музыканты Зубин Мета өнер көрсетеді.

Осы жерде, ЛаСкала  гастрольдеріне байланысты барлық шығындарды итальяндық «AGIP» (ENI) мұнай-газ компаниясы есебінен жүзеге асыру жоспарланғанын айтқым келеді. Қазір гастрольдерді ұйымдастыру бойынша тиісті келісімшарттарға қол қою сатысында бірлескен жұмыстар атқарылуда.

Мариин театрының Астанада өнер көрсетуі айтулы мәдени оқиға болмақ. «Астана Опера» театрының сахнасында Дж.Вердидің «Симон Бокканегра» операсы мен Ф.Мендельсонның «Жазғы түндегі түс» балеті көрсетілетін болады. Спектакльдерге Ресей Федерациясының халық әртісі Валерий Гергиев дирижерлік етеді. Балет спектаклінде «Астана Опера» симфониялық оркестрі және Қазақ ұлттық хореография академиясының 25 жас бишісі өнер көрсететін болады.

ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезеңіндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің бағдарламасыалуантүрлі және өте бай. Ол республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелерді қамтиды.

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Қазақстанда алғаш рет «Цинь Шихуанди императордың Терракот әскері» көрмесі өтеді. Көрмеге 50-ге жуық археологиялық бұйымдар: саздан жасалған жауынгерлер, қару-жарақтар, ыдыс-аяқтар, алтын және күміс әшекейлер  ұсынылады.

Бұған қоса, айтарлықтай іс-шаралардың бірі Эрмитаж қорының көрмесі болып табылады, онда ұзақ жылдар бойы Эрмитажда сақталған Шығыс пен Батыс қару өнерінің 200-ге жуық үлгілері ұсынылады. Бұл Турция, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания және т.б. елдердің соғысқа, аңшылыққа және салтанатты шеруге арналған қарулары. Көрменің хронологиясы XV ғасырдан XIX ғасырдың соғына дейінгі аралықты қамтиды.

Сонымен қатар музейге келушілер назарына Ислам өнері музейі жинағынан Сұлтан Бейбарыстың өмірі мен билік ету тарихына арналған «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» (Каир қ. Мысыр) атты көрме ұсынылатын болады.

«Скиф алтыны» атты халықаралық көрмеде Ұлттық музей қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлайтын болады. Көрмеде осы көне халықтың басты мұрасы – бабалардың бірегей түсінігі мен дүниетанымын білдіретін, көшпенділердің қолынан туындаған орындау техникасы мен әсемділігі бойынша қайталанбас бірегей алтын бұйымдары, әйгілі қорған артефактілері ұсынылады

Аталған халықаралық жобалармен қатар Ұлттық музейдің бағдарламасында танымал қазақстандық суретшілер, Қазақстан Республикасы еңбегі сіңген өнер қайраткерлері, мемлекеттік сыйлықтың иегірлері – Ерболат Төлепбай мен Батима Заурбекованың жеке көрмелерін ұйымдастыру қарастырылған.

Маусым мен қыркүйек айларында Қазақстан үшін салыстырмалы түрдегі жаңа жанр мюзиклдің жанкүйерлері үшін Бейбітшілік және келісім сарайында «AstanaMusical» театрының жас ұжымы қазақстандық және шетелдік авторлардың қойылымдарын сахналайды. Атап айтсақ, «Астана», «Махаббат дастаны», «Достар серті» және т.б. мюзиклдер.

Көрменің өту уақытында үздік әлемдік стандарттарға сай жаңа театрлық алаң - «Астана Балет» театрында дарынды қазақстандық және шетелдік драматургтар, хореографтар, музыканттардың шығармашылық идеялары сахналанатын болады.

Аталған ғажайып театрдың сахнасында республикалық театрлық және концерттік ұйымдар өз өнерін көрсететін болады, олардың ішінде еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары - «Астана Балет» театры, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, Құрманғазы атындағы оркестр, М. Әуезов,  М. Лермонтов, Ғ. Мүсірепов атындағы театрлар, Ұлттық корей, ұйғыр мен неміс театрлар және т.б.

ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін кезеңде қала тұрғындары мен қонақтарына ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының  есігі айқара ашық. Кітапхана қабырғасында көрмелер, дөңгелек үстелдер, танымал мәдениет және өнер қайраткерлерімен кездесулер, семинарлар, конференциялар және т.б. шаралар өтеді.

ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы шеңберінде ашық аспан астындағы спектакльдер қойылымы айрықша орын алады. 15-16 маусымда Бейбітшілік және келісім сарайының алдында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Дж. Вердидің «Аида» операсының қойылымы өтеді. 25 маусымда министрлік тағы бір ауқымды, өте танымал және күрделі жобаның бірі –Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балетін ұсынады. Сонымен бірге, қазақтың музыкалық мұрасын насихаттау мақсатында 14 шілдеде Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы қойылады, бұл жоба да айрықша ауқымды болады, ол да Бейбітшілік және Келісім сарайының алдында көрсетіледі деп күтілуде. 

ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасының кульминациялық шарасы, Азияның мега-жұлдызы Димаш Құдайбергеннің концерті.

2017 жылдың тағы бір айрықша оқиғасы  «TURKVISION» қазіргі заманғы эстрада әндерінің конкурсы болып табылады, оны Астана қаласында тамыз айының аяғында өткізу жоспарланған.

Астанада П.И.Чайковский атындағы халықаралық жасөспірімдер конкурсының өткізілуі Қазақстан үшін ерекше  мүмкіндік болмақ.

Eurasian Dance Festival Халықаралық балет өнерінің фестивалі ЭКСПО-2017 мәдени бағдарламасының тағы бір имидждік іс-шарасы болып табылады. Фестивальға «UniversalBallet» корей труппасы, АҚШ-тың «BadBoysofDance» би ұжымы, «Астана Опера» МОБТ, «Астана Балет» театры, сонымен қатар әлемдік балеттің жетекші солистері қатыспақ. Фестиваль Астана қаласының ең үздік алаңдарында - «Астана Балет» театры, «Астана Опера» МОБТ, «Қазақстан» ОКЗ өтеді.

КСРО халық артисі Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына арналған Бүкіләлемдік «Астана» театр фестивалі маңызды мәдени оқиғалардың бірі, әлемдік деңгейдегі театр жұлдыздарының кездесуі, ауқымды ашық фестивальға айналады. Фестивальға 10 елден әлемге танымал 13-тен астам театр қатысады деп күтілуде.

Көрме аясындағы маңызды іс-шара - «Еуразия» Халықаралық кинофестивалі болады. Кинофестиваль бағдарламасы конкурстық және конкурстан тыс бағдарламаларды, питчинг, дөңгелек үстелдер, мастер-класстар, тұңғыш рет өтетін EurasiaFilmMarket кино нарығын және т.б. қамтиды.  Мәдени іс-шаралармен қатар, ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде 14 спорттық іс-шараның өткізілуі жоспарланған. Олардың алтауы әлем чемпионаты, екеуі Азия чемпионаты, үшеуі халықаралық жарыс, екеуі Президент Кубогі және Бүкіләлемдік боксерлар кеңесінің жылсайынғы 55-ші мерейтойлы конвенциясы. Сондай-ақ Қанат Исламның қатысуымен кәсіби бокскешін өткізу мәселесі пысықталуда.

Олардың ішінде қазақ күресінен түйе палуандары арасында «Әлем барысы» әлем чемпионаты, көкпардан және каратэ шинкиокушинкайдан әлем чемпионаттары, теннистен Президент Кубогі, көркем гимнастикадан Азия чемпионаты, 55-ші мерейтойлы Бүкіләлемдік бокс кеңесінің конвенциясы. Мәскеу қаласында 7 шілдеде басталып, 10-14 шілде аралығында Қостанай, Астана, Семей, Ұржар бағыты бойынша өтетін Автомотоспорттан «Жібек жолы-2017» халықаралық ралли марафонын ерекше атап өткен жөн. Раллиге әлемнің 50 елінен 1,5 мыңнан астам адам қатысады.

«ЭКСПО-2017 көрмесі аясындағы кешенді бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде әлемдік аренада Қазақстанның оң имиджінің қалыптасуына ықпал етіліп, Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен дәстүрін халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосады» - деп қорытындылады министр.

 

Өзгерту: 31.03.2017